«Ел есінде қаларлық сырлы сұхбат»

2016  жылдың наурыз  айының  16  жұлдызында  Гуманитарлық  колледжімізде  өз  шығармалары  арқылы   оқырмандардың  жүрегінен  жол  тапқан,  асыл  сөзді  ардақтаған  Торғай   өңірінің  тумалары  Серік Тұрғынбекұлы,  Төлен Әбдік,  Қонысбай Әбілов  сынды   әдебиеттің  көрнекті   өкілдерімен  «Сырлы  сұхбат»  деп  аталатын   кездесу  кеші  өткізілді.

Студенттердің  ыстық  ықыласы  мен  қошеметіне  бөленген  ағаларымыз  аудиторияға  ерекше  атмосфера  алып  кіргендей  болды.  Кеш  шымылдығын  жүргізушілеріміз  өлең  шумақтарымен  бастап,  «нағыз  қазақ-қазақ  емес,   нағыз  қазақ — домбыра»,- деп   тізгінді  күйші  жігітімізге   берді.  Құдіретті  домбыраның    әсем  әуенін  тыңдаған  соң,   сөз  кезегі   колледжіміздің  директоры  Әділхан Шаймағанбетұлына  берілді. Сөз  барысында  директорымыз  осындай  ұлы  тұлғалармен   кездесіп  отырған  студенттердің  және  өзінің   бақытты  ұрпақ  екенін,  сондай-ақ  бұл  кештің  колледж  студенттері   үшін  маңызы  зор,  тарихи  сәт  екендігін  тілге  тиек  етті.  Кеш  барысында   студенттер  өздерінің  көкейлерінде  жүрген   сауалдарын  қойып,    ағаларымыздың  өз  ауыздарынан  тұщымды  жауаптар  ала  білді.  Әрбір  сұрақты   ыждаһаттылықпен  тыңдап,  сол  сұраққа  сай  эмоциямен  жауап  беруі  арқылы  өздерінің  бойындағы   ақын  мен  жазушыға  тән  асқан  бір   шеберліктерін  көрсетті.

Әннен  шашу  шашылып,  ақын-жазушыларымыздың  өлең-жырлары  мен  сол  кісілерге  арналған   арнаулар  оқылды.  Ағаларымыз  өз  бағаларын  беріп,  алғыстарын да  білдіріп  отырды.  Кеш  мұнымен   мәресіне  жеткен  жоқ.   Көңілге  ой  салатын  рухани  әңгімелер  мен  қағытпа  қалжыңдар  да  айтылды. Төлен  ағамыздың  есімін  атаған  уақытта  көпшілік   оқырманның  есіне  «Оң  қол»  әңгімесінің  түсері  сөзсіз.  Бұл  кеште Төлен  ағамызды  біз   басқа  қырынан   таныдық.  Бұл  кеште  біз Төлен  ағамызды  күйші  ретінде  таныдық. Төлен  ағамыз   «жігітке  жеті  өнер де  аз»  дегенді  тағы  да  дәлелдегендей  болды.  Қолына  қазақтың  қара  домбырасын алып,  жүрек тебіренісінен  туған  өз  туындысын  орындап  берді.

Жүректен  шыққан  дүние  жүрекке  жетеді  деген  шын  мәнінде  рас  екен. Бүгін  оған  куә  болдық.  Серік  ағамыз  көркем  сөзбен  өрнектелген   өлеңін  тарту  етсе,  Қонысбай  ағамыз  домбырамен  ән  арнады.   Сонымен  қатар,  өздерінің    ағалық  ақылдарын,  өсиеттерін  айтуды  да  ұмытқан  жоқ.  Төлен  ағамыз: « адамның  алдымен  адам  сипаты  болуға  тиіс,  дей  келе  адами  құндылықтарды  жоғалтпау  керектігін,  соның  ішінде  адамгершіліктің  жоғары болу  керектігін»  айтып  өтсе,  Серік  ағамыз: «еліміздің  ертеңіне  айналған  болашақ  жастарға  яғни  біздерге  сәттілік  тілесе», Қонысбай  ағамыз: «тәрбиелік  мән-мағынасы  зор  өлеңімен  қорытындылады».  Кеш  соңы  ағаларымызға  сый-сияпат  тарту  етіп,  естелікке  суретке  түсіп,  қолтаңба алумен аяқталды.  Есімдері  тарихта  алтын  әріптермен  жазылып  қалатын  тұлғалармен  өткен  мұндай  кездесу  кеші бізге  үлкен  рухани  әсер  қалдырды.  Алдыңғы буын  өкілдеріне  үлгі  мен  өнеге  көрсетіп,  өрелі  сөздерімен  ақыл-кеңесін  айтып  жүрген ағаларымыз  барда,  біз  шынында  да  бақытты  ұрпақпыз!

Астана қаласы Гуманитарлық колледжінің

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

3 курс студенті   Жұмабек Ақмарал