Қазақстан халқы тілдер күні бекітілді

ҚР Үкіметінің «ҚР-дағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31-қазандағы №689 қаулысымен 5-қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ғалым, ақын, публицист, педагог және қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылды. Осыған орай Нұр- Сұлтан Гуманитарлық колледжінде «Жаңа емле – рухани жаңғыру негізі» атты мерекелік шара өткізілді. Шараның формасы — ауызша журнал. Журналдың алғашқы беті «Көп тіл білу — кемеңгерлік» деген атаумен ашылып, бұл кезеңде «Филология» бөлімінің 2-курс студенттері тілді үйрену жолдары мен тіл туралы ерекше мағлұматтармен бөлісті, үш тілде өлеңдер оқылды.

«Қазақ әліпбиінің тарихы» атты рубрикада 3 пая тобының студенттері Тілеуқабыл мен Ажар тіл тарихы жайлы сыр шертсе, ауызша журналдың үшінші бетінде «Латын әліпбиіне көшу-заман талабы» тақырыбында жаңа әліпбиге көшудегі ұтатын тұстарымызды сараптады.
Журналымыздың соңғы беті «Жаңа әліпбиді меңгертудің озық тәсілдері» деп аталды. Аталмыш рубрика бойынша жаңа әліпбиді жылдам меңгертудің озық әдістерін көрсету үшін 4-курс студенттері Жансая мен Жанбота шеберлік класын өткізді. Журналды қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары С. Казкенова мен З.Маханбетова ұйымдастырды.