«Өзін-өзі тану: Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы» онкүндігінің ашылу салтанатынан

Нұр-Сұлтан қ. әкімдігінің «Гуманитарлық колледжде» 03 ақпан күні салтанатты түрде «Өзін-өзі тану: Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы» онкүндігінің ашылу салтанаты өтті.

Елордадағы бірегей педагогикалық колледжде таңғы сағат 8-ден мерекелік атмосфераны сезінбеу мүмкін емес. Жанға жайлы әуен, аффирмация жазылған тәттілер, табалдырықтан аттаған әрбір адамды жылы жүзді күлкімен қарсы алу жанға жылу сыйлағандай. Себебі бүгін ерекше күндердің бірі-«Өзін-өзі тану: Махаббат пен Шығармашылық педагогикасы» онкүндігінің алғашқы күні басталды. Таңғы жұмысына, сабаққа асыққан оқытушылар мен студенттерді ақ тілектер мен аффирмациялар жазылған тәттілер күтіп тұрды.

Салтанатты жиын колледж әкімшілігі, оқытушылар, студенттер қатысуымен ресми түрде сағат 11-10 да басталып кетті. Салтанатты жиын колледж студенттерінен құрылған халық оркестрінің орындауындағы  «Сарыарқа», «Ерке сылқым» күйлерімен ашылды.

       

Салтанатты жиынға қатысушыларды онкүндіктің жұмыс жоспарымен таныстырып,  студенттер мен оқытушылардың бір-біріне деген құрметтерін, жүрекжарды тілектері мен алғыстарын жеткізетін  «Жүректен жүрекке» атты поштаның жұмысы іске қосылғанын көрсетті.

«Бастауыш білім беру» мамандығының 2 курс студенті, «Елін сүйген-елі сүйген Елбасы» сайысының «Ең үздік ақын» төсбелгісінің иегері Жолдымұрат Жаңылжан С. Алпысқызына арнаған «Үлкен жүрек иесі» атты арнауымен бөлісті. Сонымен бірге қатысушылар «Өзін-өзі тану» РАБ бағдарламасының авторы С.А. Назарбаеваға арналған «Мейірім төккен ана» атты кітап көрмесін тамашалады. Жиын соңы топпен ән салып аяқталды.